Skip to main content

АРҚАЛЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ

2026 жылғы 25 сәуір күні сағат 17:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония концерт залында «Қорқыт» этно ансамблінің «Арқалықтың ақ таңы» концерті өтеді.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек.

Аталған концерт Торғай өңірінен шыққан көрнекті композиторлар мен ақындардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық музыкалық мұраны кеңінен танытуға бағытталған.

Кештің басты ерекшелігі қазақ музыкасының түрлі жанрларын қамтитын мазмұнды бағдарлама. Торғай даласының тарихи тұлғалары мен ән-күйлерін, ұлттық рух пен елдік мұратты дәріптеуінде болмақ. Бағдарлама барысында халық композиторларының шығармаларымен қатар заманауи авторлардың жаңа туындылары да орындалады.
Көрермендер симфониялық музыка, күй өнері, фольклорлық ансамбль, хор және эстрадалық бағыттағы шығармаларды тамашалай алады.

Концерт Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдинов жетекшілік ететін симфониялық оркестрдің орындауымен ашылады. Бағдарламада композиторлар Тілеп Аспантайұлы, Бақытжан Байқадамов, Төлен Әбдік, Айтбай Мұздаханов, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдін, Қонысбай Әбіл, Алтынбай Сейтқасымов, Қайыржан Мақанов, Ғалымжан Құрманов, Азамат Абдрахиев, Ертай Бакиров және Шолпан Қорғанбектің шығармалары ұсынылады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының, Таңатқан Рсаев, Жұмағали Өмірбеков, Серікбай Оспанов, Жұма-Назар Сомжүрек, Камал Әлпейісова сынды қаламгерлердің сөзіне жазылған әндер кештің ажарын ашпақ. Концертте елімізге белгілі өнерпаздар Анар Мұздаханова, Сүндет Байғожин, Медет Шайкелов, Нұрболат Арзамасұлы, Рамазан Әмірбек, Асхат - Дидар, Gul-Marzhan дуэті, Раушан Оразбаева, Нұрай Танабаев, Арайлым Рахымқызы, Анар Құмарова, Мұратбек Хайролда, Ақбота Құснадин, сондай-ақ «Қорқыт» этно ансамблі, камералық хор, «Балауса» және «Айналайын» балалар хорлары бір сахнада тоғысып, үлкен өнер көрсетпек.

1971 жылы бұрынғы Торғай облысы, Арқалық қаласында қазақ руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков пен музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Болат Сарыбаевтың ұйымдастыруымен «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылды. Ансамбльде тұңғыш рет қазақтың көне халық музыкалық аспаптары шертер, жетіген, сырнай, шаңқобыз, асатаяқ, қамыс сырнай т.б. пайдаланылды. Yш ішекті шертпелі көне музыкалық аспап шертер ансамбльдегі басты аспап саналды. Ансамбльдің тұңғыш көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші, композитор Қайыржан Мақанов, музыкалық жетекшісі ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалымжан Құрманов болды. Ансамбль құрамында ҚР еңбек сіңірген әртісі, биші Тойған Ізім, ҚР Мәдениет қайраткерлері Сайлау Ордабаев, Қыпшақ Қойғарин, Отаркүл Мұқатова, Айтжан Настаева, Ханша Оспанова, Сапар Әбенов сынды музыканттар болды. Міне бүгінгі концертімізде осы таланттардың тұяғы, асылдың сынығы Ғалымжан Құрмановтың қызы Жұлдыз Құрманова мен Сайлау Ордабаевтың ұлы Шах-мұрат Ордабаев өнер көрсетеді.

Кештің шарықтау шегінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» әні шырқалып, концерт Бақытжан Сәуекеновтың «Туған жер Торғайым» шығармасымен қорытындыланады.

Бұл кеш көрерменге туған жерге деген сүйіспеншілікті сезіндіріп, өткен тарихқа тағзым етудің айрықша мүмкіндігін сыйлайды.

Баршаңызды ұлттық өнердің інжу-маржандарын бірге тамашалауға шақырамыз!


  • Күні:

    Сәуір 25, 2026
  • Басталуы:

    17:00