Французская триада
«ФРАНЦУЗ ТРИАДАСЫ»:
АСТАНАДАҒЫ ФРАНЦУЗ МУЗЫКАСЫНЫҢ ҮШ ҚЫРЫ
14 қараша күні сағат 17:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында француздың үш көрнекті композиторы — Камиль Сен-Санс, Артур Онеггер және Франсис Пуленктің шығармаларын біріктіретін «Француз триадасы» атты ауқымды симфониялық концерт өтеді.
Бір бағдарлама аясында үш түрлі көркемдік әлем тоғысады: музыкалық қиял мен нәзіктік, философиялық тереңдік пен драматизм, шеберлік пен жарқын әуез. Оларды XIX ғасырдың романтикалық дәстүрінен XX ғасырдың өзіндік музыкалық тіліне дейінгі француз музыкасына тән ерекше үн мәнері біріктіреді.
Концерт бағдарламасында француз классикасының ең танымал әрі көрермен сүйіп тыңдайтын туындыларының бірі — Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» орындалады. Бастапқыда музыкалық әзіл ретінде жазылған бұл шығарма уақыт өте келе музыкалық бейнелердің өзіндік энциклопедиясына айналды. Арыстан, піл, тасбақа, аққу және басқа да кейіпкерлер композитордың тапқыр музыкалық сипаттамалары арқылы көрініс табады. Шығармада композитор әуендік интонациялармен, жанрлармен және стильдермен шебер ойнайды.
Француз музыкасының тағы бір қырын Франсис Пуленктің екі фортепиано мен оркестрге арналған концерті ашады. Бұл шығармада шеберлік, өткір әзіл, әсемдік және композиторға тән стильдік еркіндік үйлесім тапқан. Фортепиано партияларын халықаралық конкурстардың лауреаты Дана Дүйсенбаева мен «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Арман Жайым орындайды.
Кештің басты туындысы әрі премьерасы — Артур Онеггердің «Өлілер биі» ораториясы. Бұл — композитор өнердің мәңгілік тақырыптарының бірі — өмір мен өлімнің тартысына арнаған ауқымды шығарма. Онеггер музыкасы драмалық әсерлілігімен, хор мен оркестрдің қуатты үнімен және терең философиялық мазмұнымен ерекшеленеді.
Шығарманың сахналық нұсқасы қойылымға ерекше реңк береді. Оған Әнел Ислямова жетекшілік ететін «Әлем» заманауи хореография ансамблі қатысады. Музыка, хор өнері мен би қимылдары біртұтас сахналық кеңістікке тоғысып, туындыны жаңаша пайымдауға жол ашады.
Ораторияның солистері — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Татьяна Вицинская мен Азмамат Желтыркозов, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаты Фируза Рахметова.
Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Симфониялық оркестрін оның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин басқарады.
Ауқымды концерт бағдарламасына сонымен қатар көркем жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова жетекшілік ететін Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры қатысады.
«Француз триадасы» — үш дәуірдің, үш композиторлық даралықтың және музыка тілі арқылы адам мен әлем туралы ой қозғаудың үш түрлі тәсілінің тоғысатын кеші. Философиялық тереңдігімен ерекшеленетін «Өлілер биінен» бастап, мерекелік қиялға толы «Жануарлар карнавалына» дейінгі шығармалар көрерменге француз музыкасының сан қырлы әлемін танытады.
Француз музыкасының байлығы мен әсемдігін бірге сезініңіздер!