2026 жылғы 19 желтоқсан күні, сағат 15:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Қорқыт» этно ансамблі мен Шолпан Қорғанбек өнер студиясының «Бала бақыты» атты бірлескен концерті өтеді.
Бұл концерт – жас таланттардың шығармашылығын қолдауға бағытталған, дәстүрлі музыка мен қазіргі орындаушылық өнерді тоғыстырған үлкен өнер мерекесі. Бағдарламада қазақтың қара домбырасынан бастап жетіген, қобыз, халық әндері мен күйлері, би және хор өнері қамтылып, 300-ден астам баланың қатысуымен мазмұнды рухани кеш ұсынылмақ.
Көрермен назарына Құрманғазы мен Сүгірдің күйлері, халық күйлері, заманауи композиторлардың шығармалары, сондай-ақ танымал мультфильмдер мен классикалық музыкалардан үзінділер ұсынылады. Концертте «Қорқыт» этно ансамблімен бірге Шолпан Қорғанбек өнер студиясының: «Шабыт», «Балдәурен», «Жас толқын», «Балдырған», «Бозінген», «Гәкку» жетігеншілер ансамблі, «Салтанат» және «Жаңа толқын» хоры, «Гүлдер» би ансамблі сынды ұжымдары өнер көрсетеді.
Кеште барлық өнерпаздар бірігіп, композитор Шолпан Қорғанбектің «Бала бақыты» финалдық әнін орындайды. Бұл туынды – балалардың шат көңілі мен өнер қуатын бейнелейтін концерттің басты символына айналмақ.
«Қорқыт» этно ансамблінің көркемдік жетекшісі және жоба авторы - Шолпан Қорғанбек.