Симфонические Телепортации 6.0
2027 жылы 20 ақпанда сағат 19:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында (Кенесары көшесі, 32) Симфониялық оркестрдің «Симфониялық телепортациялар 6.0» концерті өтпек.
«Симфониялық телепортациялар 6.0» — бір кештің өзінде түрлі музыкалық әлемге саяхат жасаудың мүмкіндігі: Сибелиустың солтүстікке тән лирикасына құлақ түріп, Карменнің драмаға толы әлеміне бойлап, Григтің кейіпкерімен бірге қиял мен аңыздар еліне аттанасыз.
Бұл кеште норвегиялық көрнекті композитор Эдвард Григтің музыкасы орындалады. Оның шығармашылығы Норвегияның ұлттық жаңғыруының символдарының біріне айналып, еуропа музыка мәдениетінен ойып тұрып орын алды. Григ өз елінің халық дәстүрлерімен тамырлас еді. Оның музыкасында асқақ таулар, құпияға толы ормандар, халық аңыздары мен адам жан күйінің ең нәзік қырлары жанданады. Дәл осы ерекшеліктер Генрик Ибсеннің «Пер Гюнт» драмасына драматургтің өз тапсырысымен жазылған музыкада көрініс тапты. Қойылымның сахнадағы ғұмыры ұзаққа созылмағанымен, Григтің музыкасы өз алдына дербес ғұмыр кешіп, әлемге әйгілі болды. Композитор партитураның ең жарқын нөмірлерін біріктіріп, екі оркестр сюитасын жасады. Олардың арасында жарқын да көркем «Таң», нәзік «Анитраның биі», жүрек тебірентер «Сольвейгтің әні» және құпия мистикаға толы «Тау патшасының үңгірінде» пьесасы бар.
«Пер Гюнт» музыкасы әуенінің сұлулығымен, оркестр бояуының байлығымен және көз алдыңызға нақты бейнелер елестете алатын ғажайып қасиетімен тыңдарманды әлі күнге тәнті етіп келеді.
Концерт бағдарламасында Родион Щедриннің транскрипциясындағы Жорж Бизе музыкасына жазылған «Кармен-сюита» да орындалады. 1967 жылы композитор әйгілі «Кармен» операсының музыкасын жары — көрнекті балерина Майя Плисецкаяға арнап, балеттің өзіндік нұсқасын жасады. Ішекті және соқпалы аспаптарға арналған ерекше оркестрлеудің арқасында Бизенің таныс әуендері өз жарқындығы мен әуезді сұлулығын сақтай отырып, жаңаша үнге ие болды. Щедрин музыкаға ерекше ырғақтық өткірлік, драматизм мен заманауи мәнер дарытып, «Кармен-сюитаны» бүгінге дейін тыңдарманды қуатымен, қызу мінезімен және театрға тән жарқындығымен таң қалдыратын дербес туындыға айналдырды.
Сондай-ақ бұл кеште финнің көрнекті композиторы Ян Сибелиустың скрипка мен оркестрге арналған ре минор концерті (op. 47) орындалады. Бұл — композитордың жеке аспапқа арналған концерт жанрындағы жалғыз туындысы. Жас кезінде Сибелиус виртуоз скрипкашы болуды армандағанымен, бұл арманы орындалмады. Аспапқа деген сүйіспеншілігі, орындалмаған үміті мен өзін скрипка арқылы жеткізуге деген құштарлығы осы шығармадан көрініс тапты.
Концерт виртуоздық шеберлік пен терең лириканың үйлесімімен таң қалдырады. Оның бірінші бөлімі ұстамды, күңгірт оркестр бояуы аясында өрбіп, екінші бөлімі жан тебірентер музыкалық сырға айналады, ал финалы шапшаң би екпінін және жеке аспаптың шексіз техникалық мүмкіндіктерін ашады.
Жеке партияны көрнекті скрипкашы, ҚР халық әртісі Айман Мұсахожаева орындайды.
Дирижёр пультінің басында Гудни Эмильссон (Германия) тұрады.
Маэстро Эмильссон — беделді халықаралық марапаттардың, соның ішінде Герберт фон Караян қоры мен Рихард Вагнер қоры сыйлықтарының лауреаты. Ол шақырылған дирижёр ретінде Еуропа, Азия және Американың жетекші оркестрлерімен өнер көрсетеді. Олардың қатарында Берлин симфониялық оркестрі, Штутгарт филармониялық оркестрі, Нюрнберг симфониялық оркестрі, Гёттинген симфониялық оркестрі, Мангейм камералық оркестрі, Лейпциг симфониялық оркестрі, Исландия симфониялық оркестрі және Прагадағы Чех филармониялық камералық оркестрі бар.
Гудни Эмильссон 1999 жылдан бері Тюбинген камералық оркестрімен бірлесіп жұмыс істеп, онымен бірге әлемнің 40-тан астам еліне гастрольдік сапармен барды. 2005–2017 жылдары Таиланд филармониялық оркестрінің бас дирижёры қызметін атқарып, кейін оның құрметті бас дирижёры атанды.
2017 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті музыкалық білім беру саласындағы еңбегін бағалап, Гудни Эмильссонға құрметті доктор атағын берді.
Сіздерді осы кешті ұлы симфониялық музыка әлемінде өткізіп, таныс шығармалардың жаңа қырын ашуға шақырамыз.
20 ақпан 2027 жылы, 19:00
Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залы
Мекен-жайы: Астана қаласы, Кенесары көшесі, 32