2 мамыр күні Алматы қаласының мәдени өмірінде айтулы оқиға орын алды: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының сахнасында Астанадан келген халықаралық конкурстардың лауреаты – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры өнер көрсетті. Бұл кеште ұжым хор өнерін сүйетін барша қауымға «Next Generation» атты жаңа әрі ерекше бағдарламасын ұсынды.
Сонымен қатар, астаналық ұжым Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен өткен V «Гүл Алматы – 2026» хор өнерінің фестиваль-концертіне қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова бастаған Камералық хор ұжымы фестиваль аясында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кәсіби шеберлігі үшін арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Концерт бағдарламасы әртүрлі мәдениеттердің інжу-маржандарынан жинақталған бірегей туындыға айналды. Тыңдармандар Әліби Әбдінұровтың «Айналайын» әнінен бастап, әзербайжанның «Ne baxirsan», түріктің «Entarisi ala benziyor» және үндінің «Dravidian Dithyramb» шығармаларына дейін ерекше әсермен қабылдады. Сонымен қатар, кеш барысында көрнекті қазақстандық композитор Әділ Бестыбаевтың рухына тағзым ретінде оның «Дауыс» шығармасы орындалып, қазақ даласының поэтикалық бейнелері Махамбет Өтемісұлы мен Мұқағали Мақатаевтың сөздеріне жазылған әндер арқылы қайта жаңғырды.
«Next Generation» концерті – бұл жаңа буын орындаушыларының энергиясы мен көркемдік ізденісінің жемісі. Бас хормейстер Данара Ташатова мен концертмейстер Гүлден Базыкеннің, сондай-ақ жас дирижерлер Әмірғали Ғабит пен Есімхан Алматтың еңбегі арқасында әрбір туынды өзіндік бояуын жоғалтпай, көрермен жүрегіне жол тапты. Бұл кеш музыканың шекара танымайтын құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеп, жиналған қауымға ұмытылмас рухани шабыт сыйлады.

