×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Вопросы противодействия коррупции Комплаенс-служба Құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Комплаенс-служба
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Орындаушылар / Көркемдік жетекшілер / Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы

Жетекшілер

Көркемдік ЖЕТЕКШІЛЕР

Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы

Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, профессор.

Айтқали Жайымов – көрнекті дирижер, композитор, ұстаз, еліміздің кәсіби музыка өнерінің өркендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ірі мәдениет өкілі.

1947 жылдың мамыры. Атырау облысының даласында ауыл еңбеккерлерінің отбасында он үш баланың үшіншісі ұл бала дүниеге келді. Ата-анасы музыкант болмаса да, әнді жақсы айтып, домбыра шертетін еді. Ал, әкесінің ағасы Қуаныш – өңірге белгілі күйші, сал-сері болған. Айтқали: «Менің бүкіл өмірім домбырамен байланысты. Ол маған әлемді көру мүмкіндігін берді. Қарапайым болып көрінетін екі ішекті домбыраның арқасында осындай деңгейге жеттім», - дейді. Айтқали Жайымов тоғызыншы сынып оқып жүргенде мектеп жанынан өзінің алғашқы домбырашылар ансамблін ұйымдастырды. Ал оныншы сыныпта музыка пәнінің мұғалімі болды. Содан бері ол байқауларда жүлделі орындарға ие болған түрлі музыкалық ансамбльдерді басқарды. Сол кездерден бастап оның алғашқы әндері мен күйлері  орындала бастады.

Қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьев қаласы облыстың мәдени орталығы болатын. Айтқали Жайымовтың өнерін байқаулардан көріп жүрген, қазіргі танымал музыкант Еділ Құсайыновтың әкесі, сол кездегі Гурьев музыкалық колледжінің директоры Сейілхан Құсайынов оқуға түсу емтихандарының уақыты өтіп кетсе де, жас дарынға арнайы қабылдау комиссиясын құрды. Осылайша Жайымов студент атанды. Оқу кезінде дирижерлық қызметін Педагогикалық институттың оркестрінде жалғастырды. 1969 жылы училищеге Латиф Хамиди келіп, Айтқалидың күйлерін тыңдап, өз батасын берді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның профессоры Болат Сарыбаев училищеге мемлекеттік емтиханға төраға болып келген кезде, Айтқалидың өнеріне риза болып, консерваторияға оқуға түсуге кеңес берген болатын.

Консерваторияда Айтқали Жайымов А.Жұбановтың шәкірттері Құбыш Мұхитов, Хабиболла Тастанов, Алтын Кетегенова және гармония пәнінің белгілі мұғалімі Людмила Быкова сынды тамаша ұстаздардан дәріс алды. Алғашқы күннен-ақ Айтқали Жайымов консерваториядағы концерттерде солист болып өнер көрсетті. Сол жылдардағы композиция кафедрасының меңгерушісі, профессор Құддыс Қожамияров оны халық факультетінің негізгі курсымен қатар композицияның дайындық сыныбына қабылдады. Оқу кезінде ән мен күй ғана емес, домбыра мен фортепианоға арналған алғашқы шығармалар да жазылды. Танымал композиторлар Мәкәлім Қойшыбаев, Базарбай Жұманиязов, Кенжебек Күмісбековпен қарым-қатынас үлкен рөл атқарды. 1978 жылы консерваторияны бітіргеннен кейін А.Жайымов домбыра пәнінің мұғалімі болып қызметке қалдырылды.

Ол кезде консерваторияның ректоры композитор, КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова болатын. Ол Айтқали Жайымовқа КСРО Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Моңғолия астанасына баруды ұсынды. Музыкант үш жыл бойы Ұлан-Баторда моңғол халық аспаптар оркестрі, хор және би ансамблінен құралған ұжымды басқарды, онда моңғол оркестріне көптеген шығармаларды лайықтап, жергілікті халық ауыз әдебиеті негізінде музыка жазды. Атамекеніне оралған ол моңғолдардың ұлттық аспабы моринхурдың жетілу тарихынан шабыт алып, қазақ ұлттық аспаптарына  тәжірибе жасай бастады және консерватория базасында студенттер мен оқытушылардан «Әсем қоңыр» оркестрін ұйымдастырды, «Шертер», «Сыбызғы», «Сазсырнай», «Жетіген», «Дәстүрлі ән» сыныптарын ашуға атсалысты.

1991 жылы Айтқали Жайымов Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры болды. Ол құрамы азайып қалған оркестрді қайтадан толықтырып құрамға алғаш рет қылқобыз және шертер тобын енгізді.

Айтқали Жайымов 2008 жылдан бері оның жетекшілігімен кәсіби деңгейі жоғары ұжымға айналған Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры қызметін атқарып келеді. Концерттік бағдарламалар жетекшінің асқан көркемдік талғамын, ұстаздың тамаша білімі мен дирижер шеберлігін көрсетеді. Оркестр отандық және шетелдік көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Оның гастрольдік сапарларының географиясы өте кең - АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Австрия, Франция, Норвегия, Куба, Шығыс Еуропа, Қытай, Түркия, Ресей және т.б. қамтиды.

Композитор Айтқали Жайымов «Бейбарыс» операсы, «Төле би» театрландырылған қойылымына арналған музыка, «Ереулі атқа ер салмай», «Шаттық елі», «Күй Анасы-Дина», «Думанды Тобыл», Желдірме Қосбасар», «Әзіл Ақжелең», «Желдірме», «Жошы хан», «Қалдыбай батырдың толғауы», «Ерен толғау» және т.б халық оркестріне арналған поэмалар мен күйлер, «Шалқыма», «Отпан тау», «Қазақстан» атты  халық оркестрімен домбыраға арналған концерттік күйлер, «Балдәурен» фортепианомен домбыраға арналған 3-бөлімді концерт, «Мен сәлем жазамын», «Кемеңгер Құрманғазы», ​​«Махаббат оты сөнбейді», «Аққулар» және т.б. романстары мен әндері, жеке домбыраға арналған 30-дан астам күй, түрлі аспаптарға арналған пьесалар жазып, халық және Қазақстан композиторларының 100-ден астам шығармаларын оркестрге түсірді.

Жайымов шәкірттерімен бірлесе отырып «Шалқыма», «Шаттанамын», «Домбыра ойнау өнері», «Домбыра үйрену мектебі», «Музыка» оқулықтарын жазды. Маэстроның көптеген шәкірттері бүгінде танымал әртістер мен ғалымдар. Олардың ішінде Е. Нұрымбетов – Батыс Қазақстан облысы Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, А. Шоқанбаев – Қарағанды облысы «Тәттімбет» оркестрінің дирижеры, Р. Мадреев – Маңғыстау облысы Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, М. Әмзе – Алматы қаласы Мемлекеттік симфониялық оркестрдің дирижеры, Н.Бекенов – Астана қаласы оркестрінің дирижеры, А. Тілепберген – Құрманғазы атындағы Ұлттық оркестрдің бас дирижеры, сондай-ақ А.Үлкенбаева, Б. Ысқақов, Ж. Еңсепов, Е. Тұңғышұлы – Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры және т.б.

Айтқали Жайымов КСРО халық әртісі Н.Тілендиев және КСРО халық әртісі, профессор Ш.Қажығалиев атындағы халықаралық дирижерлар байқауының тұрақты төрағасы, республикада өткізілетін жас дирижерлар мен орындаушылар байқауларының қазылар алқасының мүшесі, сонымен қатар шеберлік сыныптарын да өткізіп жүр.

Кезінде көрнекті дирижер Фуат Мансұров Айтқали Жайымовтың шығармашылық әлеуеті сарқылмайтынын айтып, оны тек аспаптық орындау саласында ғана емес, дирижерлық ету саласында да Қазақстанның жетекші маманы деп атады.