Алғашқы кеште аты айтып тұрғандай, түбі бір түркі халықтарының шығармалары әуеледі. «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі ұсынған бұл концертте филармония солистері мен «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті. Соның ішінде қазақтың халық әндері мен күйлері, қазіргі композиторлардың шығыс стиліндегі туындылары, қураймен сызылтатын башқұрт әуендері, қырғыздың, татардың, түркіменнің, әзербайжанның, өзбектің музыкалық мұралары орындалып, Естай Мұқашев, Мұратбек Хайролда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Жорабаева мен Арайлым Рахымқызы, Айдос Оңғарбай, Шаһризада Тыныштық секілді әншілер тамылжыта ән салды.
Екінші концерт тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналды. «Қорқыт» этноансамблі ұйымдастырған кеште Қазақ хандығы дәуірінен бері келе жатқан және одан кейін шыққан, қазіргі заманның рухты шығармалары шалқыды. Ал «Бела Барток белгісі аясында» атты кеште Ғ. Жұбанова атындағы ішекті квартет өнер көрсетті.