×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Вопросы противодействия коррупции Комплаенс-служба Құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Комплаенс-служба
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / «Дарынды» алып дараланды

Жаңалықтар

Жаңалықтар

«Дарынды» алып дараланды

Ғылыми, шығармашылық, қоғамдық жемісті қызметі және спорттағы жоғары жетістіктері үшін жыл сайын жастарға берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының биылғы иегерлері анықталды. Олардың арасында Астана қаласы әкімдігіне қарасты мәдени ошақтардың өнерпаздары, еңбегімен ел және елорда мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген дарындар бар.

«ЖІБЕКТІ» ЖАРҚЫРАТТЫ

Астаналық «Жастар» театрының ­актрисасы Назерке Серікболова 2018 жылы «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» аталымында топ жарды. Енді «театр және кино» аталымы бойынша «Дарынды» алып, дараланып отыр.

Бастапқыда музыка мектебінің «қобыз» сыныбында оқыған ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжін бітіріп, «музыкалық театр ­актрисасы» мамандығын алды. Содан кейін аталмыш академияда «эстрада әртісі (мюзикл)» мамандығы бойынша профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақып­байдың шеберханасын тәмамдады. Ұстазы жас өнерпазды өзі негізін қалаған «Жастар» театрына қабылдап, содан бері Назерке осы руханият ордасында өнерге қызмет етіп келе жатыр.

Содан бері ондаған спектакльде кейіпкерлерді сомдады. Арасында басты рөлдері де аз емес. Биыл Нұрқанат Жақыпбай Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклін қойғаны үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленсе, Жібекті сахнада жарқыратып сомдаған Назерке еді.

Актриса, театрдан бөлек, Диснейдің әлемге әйгілі мультфильмдерін қазақ тілінде сөйлетуге үлкен үлес қосуда. Атап айтқанда, «Күлше қызда» – Дризелла, «Рапунцельде» – Рапунцель, «Өрмекші адамда» – Эм-Джей, «Мұзды өлкеде» – Анна, т. б. анимациялық фильмдер кейіпкерлерін дыбыстап шықты.

АҚБОТАНЫҢ ТАҒЫ БІР АСУЫ

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншісі Ақбота Құснадиннің жас та болса өнердегі жетістігі аз емес. Қазақ ұлттық өнер университетінің «эстрадалық вокал» бөлімінің Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинова сыныбында оқып, оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған әнші үш жылдан бері астаналық филармония­да еңбек етіп келе жатыр.

Ақбота бала жасынан республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, көбінесе жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтқанда, «Боз­торғай» балалар байқауында бас жүлде, «Дельфий ойындарында» және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Таймановтың І рес­публикалық «Қазақ қызы» байқауында, XXXIII республикалық орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. Грузияның Поти қаласында өткен «Фазиси» халықаралық байқауында Қазақстанның намысын қорғап, гран-приді алды. Биыл ғана белгілі әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына арналған «Отан-ана» республикалық әншілер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Ақботаның сыйлықтар қорына енді «эстрада» аталымында «Дарын» түсіп отыр.

Бұлардан басқа «Дарынды» «спорт» аталымы бойынша жас шахматшылар Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік, «театр және кино» аталымында ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық музыкалық-драма театры әдеби және ғылыми қор бөлімінің басшысы, театртанушы, өнертану магистрі Мирас Әбіл, «әдебиет» аталымында жас ақындар Шерхан Талап пен Файзолла Төлтай иеленді. «классикалық музыка», «халық шығармашылығы», «дизайн және бейнелеу өнері», «журналистика», «қоғамдық қызмет» және «ғылым» аталымдары бойынша жастар сыйлығының иегерлері анықталды.