Ертең Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мекемеге белгілі композитордың есімін беру құрметіне арнап салтанатты концерт ұсынады. Концертке шығармашылық ұжымдар мен солистер қатысады.
Биыл музыка қауымы КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақтың көрнекті композиторы, педагог, қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толуын атап өтуде. Оның «Дайрабай» және «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Қамар сұлу», «Алпамыс» және «Абылай хан» опералары, романстар мен әндері, жалпы көптеген шығармалары ұлттық композиторлық мектеп үшін ерекше туындыларға айналды.
Маэстроның шығармашылық қызметі 2004 жылдан бастап елордамен тығыз байланысты болды. Еркеғали Рахмадиев өмірінің соңғы күндеріне дейін өзінің талантын, тәжірибесі мен білімін айналасындағылармен қуана бөлісіп отырды.
Оның есімінің Жеңіс даңғылы бойында орналасқан, Қазақ ұлттық өнер университетінің Үлкен залына және былтыр елорданың Мемлекеттік академиялық филармонияға берілуі қаланың маңызды оқиғаларының біріне айналды. Осы айтулы оқиғаға орай филармонияның ұжымы мен орындаушылары салтанатты мерекелік концерт ұсынады.
Кеш барысында маэстроның ең танымал туындылары, соның ішінде опералардан үзінділер, симфониялық күйлер және т. б. орындалады. Концертке қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, камералық хор, «Шалқыма» халық би ансамблі, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, «Қорқыт» этноансамблі және жеке орындаушылар – Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, сондай-ақ Фируза Рахметова, Алтынбек Әбілда және т. б. қатысады.