Жаңалықтар
Жаңалықтар
Ардагерлерге – құрмет
Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов өнер ұжымы ардагерлеріне құрмет көрсетті. Көпті көрген тәжірибелі азаматтармен кеңесіп, мәдени ошақтың алдағы жоспарларын айтты.
– Елордамыздың музыкалық жүрегіне айналған филармония өздеріңіздің сара еңбектеріңізбен құрылып, бүгінгі күні еліміздің беткеұстар мәдени ошағына айналды. Сіздер өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек еттіңіздер. Содан бері жеткен жетістіктеріміз бен бағындырған белестеріміз көл-көсір. Небір дүлдүл жыршы-термешілер, күміс көмей әншілер, дәулескер күйшілер, саңлақ бишілер шыңдалып, өнер биігінен көрінді. Бүгінгі таңда Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы 13 шығармашылық ұжымнан тұрады. Сіздер өнегелі өшпес із қалдырған үлкен мәдениет ордасына 2021 жылы көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің есімі берілді, – деді филармония бас директоры.
Филармония ардагерлері қатарында бүгінде әлі де саптан шықпай, қазақ оркестріне жетекшілік етіп келе жатқан күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, белгілі музыкант, Қаз ҚСР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, белгілі биші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, әнші Қияқбай Асамбаев, т.б. бар.