×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Вопросы противодействия коррупции Комплаенс-служба Құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Комплаенс-служба
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Ақан серінің ән әлемі

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Ақан серінің ән әлемі

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімі Ақан серінің 180 жылдығына арналған «Дала дәстүрі» топтамасынан «Майда қоңыр» концертін ұсынды.
ХІХ ғасырды зерттеушілер қазақ өнерінің алтын ғасырына балайды. Қазақтың музыка өнерінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан ақын, халық композиторы Ақан сері Қорамсаұлы – сол заманның перзенті. Оның әр әні – тағдырлы туындылар. Кеш те әндері тарихының айтылуымен өрбіп отырды. Ақан – ит жүгіртіп, құс салған, жүйрік баптаған, сал-серіліктің үлгісіндей болған тұлға. Осы тұрғыдан концерт барысында сахнаға жеті қазынамызға жататын бүркіт пен тазы итті алып шығу жарасымды болды.
Ақанның «Майда қоңыр» әні Баянауылдағы Шорман бидің немересі Әмір-Темір мен оның жары Бадығұл-Жамалға арналған. Концерт халықаралық және рес­публикалық байқаулардың лауреаты Жақсыгелді Маясаровтың орындауында осы әнмен ашылды. Әрі қарай «Ақтоқтының аужары», «Алтыбасар», «Сырымбет», «Мақпал», «Балқадиша», «Құлагер», «Шырмауық», «Әудем жер», «Ләйлім шырақ» сынды көптеген ән шырқалды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Гүлмира Сарина, Мәдениет қайраткері Секен Сыздық, мәдениет саласының үздіктері Нұрай Танабаев, Тельман Нүркенов, Арафат Ысқақов, Берік Омаров, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жақсыкелді Маясаров, Сәулежан Тағзия, Әйгерім Нартүйе, Өзгеріс Шерікбай, Жандос Иманбай, Зинат Қасымова, Алуа Қалымбекова, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Ақан серінің өмірінен музыкалық және әдеби шығармалар жазылды, театрда спектакльдер қойы­лып, кино түсірілді. Атап айтқанда, Ғабит Мүсірепов­тің либреттосына композитор Сыдық Мұхамеджанов «Ақан сері–Ақтоқты» операсын жазып, классик жазушының пьесасы негізінде осы атаумен қойылымдар қойылды. Арынды ақын Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, көрнекті қаламгер Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазды. Кинорежиссер Болат Мансұров «Құлагер» фильмін түсірді. Ал композиторлық қырымен де танымал көр­некті ақын Кәкімбек Салықовтың «Ақан сері» атты әні бар. Мәдениет саласының үздігі ­Данияр Мұқан шырқаған осы ән концерттің жаңалығы болды.