×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Вопросы противодействия коррупции Комплаенс-служба Құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Комплаенс-служба
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Елордада Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтті

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Елордада Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтті

«Еліме тағзым» концерті Мемлекеттік рәміздер күніне арналды.

Бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның бүгінгі 65 жасқа толған туған күнінде шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Еліме тағзым» концерті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне, ұстазы Бекен Жылысбаевтың 100 жылдығына арналды.

Кеште Нұржамал Үсенбаева өзінің бай, әр алуан репертуарын көрерменге паш етті. 

«Еліме тағзым» концертінде Татарстанның Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның құрметті профессоры, шақырылған маэстро Ренат Салаватовтың жетекшілігімен, филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұйымдастырылды. 

Елорда және қала қонақтарын таңқалдырған тамаша концертте елорда филармониясының камералық хоры  өнер көрсетті. Астана сахнасында әлемдік және отандық операның майталмандары, өнер жұлдыздары ән шырқап, мемлекеттік рәміздер мерекесі күнінің көрігін қыздыра түсті.

Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажар ариясы қазақ ұлттық операсының жауhарына айналған туындылар. 

Нұржамал Үсенбаева - еліміздің Ұлттық опера өнерінің болашағына талмай еңбек еткен ерек өнер иесі. Осы бенефисінде ол М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан әйгілі «Айтысты» әнші концерттің арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері тенор дауысты Медет Шотабаевпен дуэтте шырқап, көрерменнің зор ықыласына ие болды, зал толы халық шебер орындалған керемет дуэтті ду қол шапалағымен құрметтеп отырды. Жоғары мәртебелі музыка салтанат құрған кеш әлемдік және қазақ опера маэстроларының өнерін, өлшеусіз еңбегін тағы бір жарқыратып көрсетті. Залда ине шаншар орын қалмай, кеш қонақтары, көрермендер музыканттарды гүлмен көмкеріп, шексіз алғысын білдірді. Концерт аншлагпен өтті. 

«Музыкада шекара жоқ» дегендей, Чех опера әншісі, Еуропа өнер одағының көркемдік және мәдени қызмет саласындағы ең жоғары марапаты – «Алтын Еуропа» (Golden Europea) иегері Филип Банджак салған әуен адамзат тудырған тамаша опера туындыларының ғұмыры ұзақ боларын тағы бір дәлелдеді, маэстроның  елорда  сахнасында өнер көрсетуі астаналықтардың биік талғамын, мықты таңдауын көрсетті, ерекше әсер етті.