Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы «Ел іші – өнер кеніші» мерекелік онлайн концертін өткізді. Филармония ұжымы барша үзеңгілес әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, өз өнерлерін тарту етті.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн.
Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Тарихымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыра біліп, келешекке рухани-мәдени мұрамызды жеткізіп, одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп жүрген ортаның бірі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы. Мәдени ошақ 11 бағыттағы шығармашылық топты қамтиды. Қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі оркестр, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі , «Шалқыма» халық би ансамблі, 75 шығарманы үзіліссіз орындап, «Гинннестің рекорттар кітабына енген – «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, дәстүрлі халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблінде елімізге танымал өнер майталмандары қызмет етеді.