«Сарыарқаның» ауылға сағынышы
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі онлайн форматта «Ауылым – алтын бесігім» атты концерт өткізді. Кеште өнер ошағының әншілері ансамбльдің сүйемелдеуімен баршаға таныс, жүрекке жақын әндерді шырқады.
Көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың ақын Жабайыл Бейсеновтің өлеңіне жазылған «Ауылым» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол сияқты музыка мэтрі Нұрғиса Тілендиев пен ардақты ақын Тұманбай Молдағалиевтің бірлестігінен туған «Сағындым ғой» әнін де білмейтіндер кемде-кем. Концертте осы қатарлы белгілі композиторлардың туындылармен бірге жас сазгерлердің әндері де айтылды. Атап айтқанда, Толқын Нұртасқызының «Сағынышым – ауылым», Рахметолла Хамитұлының «Ауылым – алтын бесігім» әндері шырқалды. Филармонияның жетекші әншісі Данияр Мұқан «ән патшасы» атанған Әбілахат Еспаевтың «Туған ел» әнін жаңғыртты.
Белгілі композитор Жақсыгелді Сейілов ақын Сайлаухан Нәкеновпен бірге «Туған жер» әнін жазды. Кейіннен тыңдаған жұрт «Бұл ән – Ұлытаудың әнұраны ғой» деген соң, бұл туынды «Ұлытау» аталып кетті. Кеште осы әнді мәдениет саласының үздігі Нұрай
Танабаев тамылжыта шырқады.