×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Вопросы противодействия коррупции Комплаенс-служба Құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Комплаенс-служба
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Елордада «Тәуелсіздік таңындағы патриоттық әндер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Елордада «Тәуелсіздік таңындағы патриоттық әндер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясында «Тәуелсіздік таңындағы патриоттық әндер» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Іс-шара барысында Тәуелсіз Қазақстан жылдарында дүниеге келген патриоттық әндердің мәселесі көтерілді. Бұрынғы композиторлардың әндерімен салыстыра келе, екі дәуірде шыққан әндердің тыңдарман құлағына сіңімдісі сараланды.

Аталған тақырыпқа қатысты пікір білдіруге ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері – Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет»орденінің иегері – Алтынай Жорабаева,  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Бағдат Сәмидинова, Құрмет орденінің иегері Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, айтыскер ақын, сазгер – Серікзат Дүйсенғазин, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры – Дәулеткерей Кәпұлы, әнші-сазгер, актер, ақын, драматург – Қанат Жүнісов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор – Медет Салықов, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры – Ернұр Бурахан, «Қазақ радиолары» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі – Мұхамедияр Рашай т.б сынды қонақтар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселені қолға алып, қазақ өнерінің жанашырларын бір арнаға тоғыстырып, еліне деген патриоттық сезімі арқылы  өнерпаздардың санасын рухани құндылыққа толтырған жоба  ұйымдастырушысының алғысөзі жас ұрпақтың санасын оятары сөзсіз.

«Бүгінгі жиынның мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында шыққан патриоттық әндерді жас ұрпақ құлағына сіңіру, насихат жолын қарастыру. Елін сүйетін ұрпақты тәрбиелеу. «Тәуелсіздік таңындағы патриоттық әндер» мәселесі көптің көкейінде жүрген сұрақтардың бірі. Жас ұрпақтың дүниетанымына, және өнегелі дамуына ықпал ететін елдердің, халықтардың тарихын өнерімен байланыстыру, әлемді тұтастай көркем бейнеде көруге мүмкіндік береді. Өнердің жарқын эмоциялық сезім тудыратыны жасыратын емес. Ол көңіл күйге әсер етеді. Әлеуметтік, патриоттық сезімге, ізгілікке, сонымен қатар қарапайымдылыққа, борыш, құрмет сияқты сезімдерге тәрбиелейді. Қоршаған ортада әсемдікке деген қарым-қатынас қалыптастырады. Музыка өнерінің анағұрлым кең тараған түрі — ән орындау өнері. Ол ел тарихының ғана емес, белгілі тұлғалардың өмір жолдарының куәгері, әрі қатысушысы. Ән халықтың жаны ғана емес, оның өмірлік айнасына айналғаны ақиқат. Еліміз егемендігін алғаннан кейін де патриоттық әндердің рөлі өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Патриоттық әндер үлкен күшке ие. Ол адамның рухын оятып, ерлікке жетелейді. Жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілігін ұялатады», – деді  Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры.

Дөңгелек үстелде жиналғандар арасында  тиянақты ой мен парасаттылықты ұштастастыра отырып, қазіргі таңдағы қазақ өнеріндегі, соның ішінде қазақ композиторларына қатысты сыни пікірді жүйелі жеткізген тұлғалар сөзі бүгінгінің шындығына айналуда.

«Біз тыңдарманның деңгейін өзіміз түсіріп алдық. Туындылардың сапасы төмен. Жеңіл болсын, түсінікті болсын деген мақсатта мәтін жазатындар ән іздейді, орындаушылар сөз іздейді. Қазақтың әндерін жазған кезде қазақ композиторлары тыңдарман деңгейіне төмен қарайтын болды. Халық түсінбей қалады. Біз халыққа түсінікті етіп жазуымыз қажет. Тыңдаушының қабылдау өресі әрқилы. Не себепті кез келген ақын, кез келген композитор биігін ұстап тұрып, керісінше тыңдарманды өзіне тартуы керек. Біз осы тұрғыдан ақсап жатырмыз. Өйткені қоғам кітап оқудан қалып, көркем әдебиет насихатталмағаннан соң біздің ойлау жүйемізде көркемдік төмендейді. Қазіргі таңда тек ауызекі тілде мәтін жазылып кетті. Ол үлкен қасіретке әкеліп соғады», – деді Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.

Ұйымдастырылған шараға қатысқан қазақ эстрадасындағы әншілердің саз әлеміне, сөз өнеріне бейжай қарамайтыны байқалды.

«Бүгінгі мәселе дер кезінде қолға алынып жатыр. Негізінде патриоттық әндер жоқтың қасы. Ақындар мен әншілердің қарым-қатынасы аз. Патриоттық әндерге келер болсақ, Латиф Хамидің «Отан» әні, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әні, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекені» әндерінің қайсысы болса да мәнді, мағыналы. Қазір патриоттық әндер жазатын композиторлар саусақпен санарлық»,- деген ой білдірді «Құрмет» орденінің иегері  Майра Ильясова.

«Көш жүре келе түзеледі». Қазіргі таңда сазгерлердің арқасында жазылған патриоттық әндер жоқ емес. Дегенмен де әскери әндерді көбейту керек деген ой білдіргім келеді. Келесі мәселе, балаларға арналған патриоттық әндер неге аз? 4-5 нотадан тұратын ән оңай сияқты көрінгенмен оларға ән жазу қиынырақ. Себебі, баланың тазалығына, баланың жан дүниесін сезіп ән жазу қиын жағдай. Олардың аппақ көңілмен шырқайтын әндеріне жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықов.

Жиынға қатысып, өз ойын ашық білдірген айтыскер ақын, сазгер Серікзат Дүйсенғазин осы сынды тақырыптағы дөңгелек үстелдерге Ақпарат министрлігі мен Мәдениет министрлігінің өкілдерін қатыстыру керектігін және олардың қазақ әндеріне қатысты мәселелерге бейжай қарамауын атап өтті.

Шараға жиналғандар алдағы таңда қозғалған тақырыпты одан ары дамытып, қазақ ән өнеріндегі қателіктерді ескеріп,  осы сынды жиындарды жиі ұйымдастырамыз деп уағдаласты.