Жұрт естімеген әндер
Қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерінде осы күні сирек орындалатын, жұртшылыққа жете қоймаған шығармалар бар. Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған «Жаңғырған ән-күй» онлайн концертінде халық арасына тарамаған сондай туындылар орындалды.
Концертте қазақ даласындағы барлық музыкалық мектептер қамтылды десек болады. Соның ішінде көп айтыла бермейтін халық әндері мен халық композиторларының жиі шырқалмайтын туындылары әуелеп, жұрт ести қоймаған күйлер күмбірледі. Кеште филармонияның «Халық әні» бөлімінің әншілері, «Қорқыт» этноансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті.
Кешегі кер заман құрбандарының бірі Мәди Бәпиұлының «Үшқара» әнін халық сүйсініп тыңдайды. Алайда осы әннің екінші түрі барын көпшілік біле бермейді. Халық ақыны, әнші, композиторы Маясар Жапақұлының ән мұрасы қазір көп насихатталмайды. Кезінде белгілі музыкатанушы Тмат Мерғалиев Арқа жеріне, соның ішінде талай өнерпаз шыққан Қорғалжын өңіріне келіп, осы өлкенің ән мұрасын жинақтады. Нәтижесінде Құлтума Өтемісұлы, Үлебай Әнетұлы сынды халық композиторларының әндері жұртшылықпен қауышты.
Жетісудың жүйрігі Кенен Әзірбаевтың да жұртшылыққа жетпеген біршама әні бар. Батыстың кең тынысты әндерін насихаттаған әйгілі әнші, ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтің композиторлық қыры да болды. Оның өз жанынан шығарған туындылардың бірі «Өзен» деп аталады. Кейінгі жылдары Алтайдың ар жағынан біршама әндер елімізге жетті.
Осындай әндерді филармония әншілері Секен Сыздық, Нұрай Танабаев, Берік Омаров, Күнсұлу Тұрлыбекова, Тельман Нұркенов, Данияр Мұқан, Жақсыгелді Маясаров, Сәулежан Тағзия, Өзгеріс Шерікбай, т.б. әншілер шырқады. Ұлт қазынасы – халық күйлері мен еліміздің шығыс өңірінде өткен Байжігіттің күйлері күмбірледі.