Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Ерлік дастаны» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Тарихқа тағзым етіп, қан майданда от кешкен жауынгерлердің рухына арналған бұл музыкалық кеш көрермендерді тебіреніске толы естеліктер қойнауына жетеледі.
Кеш бағдарламасын филармонияның Симфониялық оркестрі сүйемелдеп, еліміздің танымал өнер жұлдыздары сахна төрінде бас қосты. Сүндет Байгожиннің орындауындағы «Журавли» туындысы мен Бибігүл Жанұзақтың шырқаған «Ана туралы балладасы» тыңдарманның жүрегін тебірентсе, майдан даласының символына айналған «Катюша», «Синий платочек», «Эх, дороги» секілді аңыз әндер жауынгерлік рухты сезіндірді.
Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» және «Мен сендерді іздеймін» туындылары кештің айбынын асырды. Татьяна Вицинская мен Алтынбек Арыстанбек бастаған вокал шеберлері соғыс жылдарының атмосферасын жанды дауыста шебер жеткізді. Көркемдік жетекші Абзал Мұхитдин мен дирижер Арман Жайымның жетекшілігімен өткен музыкалық кеш классикалық орындаудың биік деңгейін көрсетті.
Ешқашан ескірмейтін, жадыны жаңғыртатын жүрекжарды әуендер орындалған бұл шара өткенге құрмет пен бейбіт күнге деген алғыстың нышанына айналды. Көрермендер рухты әндермен сусындап, Жеңіс сыйлаған ерлердің есімін тағы бір мәрте ұлықтады.