Skip to main content

«Кестелі орамал» мерекелік концерті өтті

Ұлы Жеңіс мерекесіне тарту ретінде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт болып өтті. Рухты әуен мен терең тарих тоғысқан бұл кеш майдан жылдарындағы жауынгерлердің төзімділігі мен бейбіт өмірге деген аңсарын өнер тілімен өрнектеді.

Мерекелік шараның басты ерекшелігі – барлық шығармалардың Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің жетекшілігіндегі «Қорқыт» этно-ансамблінің сүйемелдеуімен орындалуы болды. Ұлттық аспаптардың үнімен астасқан патриоттық әндер тыңдарманды ерлік пен Отанға деген шексіз адалдық атмосферасына бөледі.

Сахна төрінде Гүлнұр Оразымбетова, Естай Мұқашев, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы сынды елге танымал өнер шеберлері мен филармонияның дарынды жас вокалистері өнер көрсетті. Орындаушылар соғыс жылдарының рухын дәріптейтін танымал музыкалық туындыларды тебіреніспен жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

Концерттің түйіні ретінде барлық қатысушылардың орындауында шырқалған «Жеңіс күні» әні шараның салтанатын арттырып, Жеңіс сыйлаған ата-бабалар рухына тағзым ретінде қабылданды. Бейбіт күннің қадірін ұғындырған бұл кеш көрермен жадында ерекше әсер қалдырды.

IMG_0945.jpeg