2025 жылдың 8 маусымында сағат 17:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық залында республикалық байқаулардың лауреаты Райымбек Тариховтың жеке шығармашылық кеші — “Күй құдіреті” атты концерті өтті.

Кештің мақсаты — ұлттық өнеріміздің алтын қазығы саналатын күй өнерін дәріптеу, жас буынға қазақтың төл аспабы – домбыраның қоңыр үні арқылы рухани тәрбие беру. Концертте қазақтың дәстүрлі және заманауи күйлері орындалып, көрерменге рухани азық сыйланды.

Сахна төрінде Райымбек Тарихов өз репертуарындағы күйлермен қатар, халық күйлері мен белгілі композиторлардың туындыларын орындап, шеберлігін паш етті. Сонымен қатар концертке филармонияның «Сарыарқа» халық музыка ансамблі қатысып, кештің көркемдік деңгейін арттырды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі — Мәдениет саласының үздігі Тоғжан Жахин.

Тыңдарман қауым күй арқылы қазақ халқының болмысын, қуанышы мен мұңын жеткізе білген өнер иесіне зор қошемет көрсетті. Кеш соңында көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, ұлттық өнерге деген ыстық ықыластарын білдірді.