Ұлттық музыканың жаңа белесі!
2025 жылғы 20 маусым күні Астана қаласындағы «Хан Шатыр» кешенінде қазақ музыкасы тарихындағы айтулы оқиға орын алды. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония жанынан құрылған «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі өзінің 10 жылдық мерейтойына орай музыкалық марафон өткізіп, ұлттық музыка саласында тұңғыш халықаралық рекордты тіркеді!

5 сағатқа жуық уақыт бойы үздіксіз орындалған 80 туынды — халқымыздың бай мұрасын, сан ғасырлық тарихы мен терең руханиятын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан өнердің айғағы. Бұл – ұлттық мәдениетіміздің жаһандық деңгейде мойындалуына жол ашатын тағылымды бастама болды.

Ансамбль репертуарынан терме-толғаулар, күй, жыр және халық әндерінің жауһарлары орындалды. Әр туынды — дәстүрлі саз өнерінің тереңдігін, ұлттық болмысымыздың көркем өрнегін паш етті.

Марафонның нәтижесінде тіркелген халықаралық рекорд – тек ансамбльдің ғана емес, қазақ дәстүрлі өнерінің жеңісі, ел мәдениетінің мерейі.